Әнші Рoзa Әлқoжa aуруxaнaғa түсіп қaлды, — дeп xaбaрлaйды Tengrinews.kz тілшісі.
Ол ауруханаға кеше, 22 шілдеде түнге жақын жеткізілген.
«Ақыры ауруханадан бір-ақ шықтық. Қарағанды», — деп жазған ол. Әншінің администраторы тілшімізге оған суық тиіп қалғанын және қазір жағдайы жақсарғанын айтты. Роза Әлқожа дәрігерлердің қарауынан кейін сол күні үйіне қайтарылған.
Сөйтсек, Роза Әлқожаның қызуы көтерілген екен.
«Осы шілде айы қарбаласпен басталған. Таңғы сұхбат, Әбдіжаппардың кеші, «Ән мен әнші» дегендей қалуға болмайтын керемет кештер өтті. Одан туыстардың тойы деп шапқыладық. Қазақ деген қан түкіргенше жүре беретін сабырлы елміз ғой. Қапшағайда балалармен демалып, Жетісайдың ыстығына жеткенде кенеттен жөтел пайда болған. Қазақша емделіп Алматыға ұшып келдік. Одан тағы ұйықтамай Қарағандыға жеткенбіз. Бірақ осы төркініме жеткенде ағзам қарсыласып, қайта алмай ауруханадан бір-ақ шықтым. Жедел жәрдемде кетіп бара жатып құрбым қыдыртып келе жатырмын деп қалжыңдап суретке түсіріп отырған. Бір күнде екі рет шақырған соң олар үйде қалдырмайды екен. Оның үстіне қызуым түспей қойған соң да алаңдады», — деп жазды ол парақшасында келесі күні таңда.
Оның пікірінше, ауыруына қашаннан жиналып қалған суық, үш күн қатарынан жол жүру мен ұйықтамау себеп болған.
«Жүрекке жүк түспесін. Алаңдаған баршаңызға бас иіп рахмет айтқым келеді. Салайын деген жоқпын, арбаға отырғызып алып бара жатқан соң қайбір ес бар, жанашыр жұрттан жәрдем күткен шығармын?! Сәл тәуір болған соң дәрігер, медбикелер келіп суретке түсейік деген. Соның әсерімен салдық осында. Бүгін тәуірмін. Жақсы екенімнен де хабардар етейін. Аман, сау болыңыздар! Жүректеріңізден айналдым!», — деп әнші оқырмандарына алғысын айтты.
Айта кетейік, Роза Әлқожа Өзбекстан мемлекеті Амангелді ауылында дүние есігін ашқан. Жастайынан ән салып, 6 жасында домбыра тартып үйренген. Балалық шағынан байқауларға қатысып, әншілік, композиторлық қырымен таныла бастаған. Оның «Мен сыйға тартқан орамал», «Мына өмір ғажап қандай», «Қара күз», «Жылатқаның неткенің» әндерін халық жылы қабылдады. Бүгінде Роза Әлқожа бес баланың анасы: үш ұл, екі қыз.
Айтпақшы, Розаның інісі Әбдіжаппар Әлқожа — хит әндердің орындаушысы Ләйлә Сұлтанқызы жүргізетін «The Эфир» бағдарламасына қонақ болған еді.