Oсыдaн 126 жыл бұрын 25 мaусымдa қaзaқ әдeбиeтінің жaрқын жұлдызы, aқын Мaғжaн Жұмaбaeв дүниeгe кeлді. Oның кіндік қaны тамған жер — Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы. Tengrinews.kz тілшісіне мағжантанушы Бақыткамал Қанарбаева ақынның өмірі, еңбектері, мен шығармашылығы жайлы айтып берді.
Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бақыткамал Қанарбаева Мағжан Жұмабаевтың өмір тарихын 1990 жылдан бері зерттеп келеді. Оның сөзінше, ақын қысқа да болса мәнді өмірін қазақ ұлтына арнаған.
«Кейбір адамдар Мағжанды ұлтшыл дейді. Мен бұл әңгімені әлі күнге дейін естимін. Оның есімін естігенде қабақтары дірілдеп, мұрындарын шүйіреді. Бірақ ұлтшылдық екі түрлі болады ғой. Бірі нағыз ұлтшыл — тіліне, халқына, жеріне деген сүйіспеншілігін білдіретін, ал екіншісі шовинистік ұлтшылдық. Көрнекті ақынның ұлтшылдығы біріншісіне жатады. Ол өз ұлтының нағыз патриоты еді. Ол басқа ұлттарға қарсы болмаған», — дейді ол.
Мағжантанушының сөзінше, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі өз өмірімен, шығармаларымен жоғалған қазақтың «менін» қайтарғысы келді.
«Меніңше, ол — идеалист. Себебі ол елді тұтастай сақтап қалу, қазақ жеріндегі байлықты тек біздің пайдамызға асуы үшін еңбек еткен адам. Ол қазақтардың өмірі, ішкі жан-дүниесі таза болғанын қалады және сол үшін жұмыс істеді. Ақын өмір сүрген уақытта биліктегі адамдардың халыққа зияны тисе, Мағжан оларға титтей де зиянын тигізбеді, бұқара халық одан тек жақсылық көрді. Оны кейбірі «зар заман ақыны» дейді. Иә, ол халықтың мұң-мұқтажын сыртқа шығару үшін жылап, еңіреп тұрып өлең жазған. Осылайша оқырмандарға әсер етемін деп ойлаған», — дейді маман.
Сонымен қатар Бақыткамал Қанарбаеваның айтуынша, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы барлық қаражаты мен дүниесін халқының мұң-мұқтажына жұмсаған.
«Негізі Жұмабаев 1912 жылдан бастап қуғынға ұшырады. Сөйтіп, өмірнің соңына дейін қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Бірақ көрген қиындықтарына қарамастан өзін байсалды және мәдениетті ұстаған. Мен оның барлық ғұмыры мен еңбектерін зерттей келе түсінгенім — Мағжанды тани отырып, қазақтың кім екенін тануға болады. Ол тарихымызды жандандырды. Ұмыт қалған санамызды оята білді. Оған айғақ шығармалары. «Түркістан» атты өлеңінде қазақтың бастан кешірген оқиғаларын еске түсіреді. Ақын қазақ хандығына ғана тоқталмай, оған дейінгі өмір сүрген адамдар туралы да айтқан. Бұл тарихи еңбек болып саналады. Яғни Мағжан еңбектері арқылы ұлт, адам, тұлға ретінде қазаққа өзін-өзі танытты», — дейді ол.
© abai.kz
Мағжантанушының айтуынша, ол Жұмабаевты зерттеу арқылы қазақтың наным-сенімін түсінген.
«Тұтас ұлтымыздың наным-сенімін жандандырып, оны еңбектерінде келтірген. Кеңес кезіндегі билік оны неліктен қудалады? Себебі ол осындай еңбектері үшін көзге түскен. Ол Кеңес одағының елімізге орыстандыру саясатын жүргізуге қарсылық білдірген. Мағжан казақтың наным-сенімін фольклор арқылы көрсетті. Ол бір еңбегінде «халықтың тарихын жойсаңыз, ол өз ұлтынан безіп, басқа ұлттың тарихының жетегінде кетіп қалады» деген екен. Мен Мағжанды тани келе, ұлтымызды тани бастадым. Текті тану, текке тұрғызбайтынын да түсіндім. Осының бәрін зерттей келе, оның орыс империясына қауіпті болғаны маған түсінікті болды», — дейді маман.
Сөзінің соңында Бақыткамал Қанарбаева қазіргі уақытта жастарға қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың «Қазақ тілі» өлеңін оқуға кеңес берді. Сондай-ақ осы өлеңнен үзіндісін оқыды:
Қыран құсты қос қанаты қырқылды,
Күндей күштi күркiреген ел тынды.
Асқар Алтай — алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар — асқан жандар ұмытылды!
Қанарбаеваның сөзінше, осы өлеңде ақын қыран құстың қанаты деп ұлттың тілін айтқысы келген. Оның айтуынша, егер ұлттың тілі қырқылса, онда тұтас ұлттың тарихы мен мәдениеті де қырқылады.
Сонымен қатар Мағжан туралы әдебиеттанушы, академик Әлкей Марғұлан былай деген екен:
«Қазақ халқы үшін Мағжан Жұмабаевтың маңыздылығы ағылшындар үшін — Шекспирдің, орыстар үшін — Пушкиннің маңыздылығынан кем емес».
Айта кетейік, 1938 жылы Мағжан Жұмабаев 44 жасында репрессияға ұшырап атылған. Ақын алғашқы өлеңінен бастап әлеуметтік тақырып, ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанған. Ол Абай Құнанбайұлын пір тұтқан. Сондай-ақ ол аударма жұмысына көңіл бөліп, осы арқылы халқыны ағартушылық жұмыстарын жүргізсем деп ойлаған. Ақын Гете, Лермонтов, Горький сынды ақын-жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Сондай-ақ мектеп оқушыларына және мұғалімдерге арнап «Педагогика» еңбектерін жазған.