Бүгін 7 aрнaдaғы «Өз oйым» бaғдaрлaмaсындa «Көрeрмeн көзaйымдaры нeгe көлeңкeдe жүр?» тaқырыбы талқыланды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бағдарлама барысында 1990-жылдардағы хит әндердің авторы, орындаушыларының бірі Өктем Алтаев қонақта болды. Ол өзінің ең алғаш әндерінің танымал бола бастаған кездерін есіне алды. Аптаның 7 күні де уақытымыз тойда өтетін дейді. Әйтсе де ол, қазіргі таңда орындалып жүрген мәнді-мәнсіз әндерін тыңдап, саралап отырамын дейді. Ол өз сөзінде қазіргі жастардың ән өнерінде тек әуеніне мән беріп, сөздерін түсінбейтінін жасырмады.
Өктем Алтаев 1990-жылдары «дипломмен ауылға келін алып кел» деген тапсырманы қалай орындағанын айтып берді.
«Өктем Алтаев неге көрінбейді» — дегенге мен өзім қуанамын. Демек біз сұраныста бар екенбіз, халық іздейтін болғаны. Кезінде бекерге жұмыс жасамаған екенбіз. 1990-1991 жылдары жазылған әндер ғой. Институтты тәмамдап, «дипломмен ауылға келін алып кел» деген тапсырма берілген болатын. Көңілде жүрген, ойда жүрген бірнеше қыз болды. Бұл видео 10-15 жылдан кейін түсірілген бейнебаян», — дейді Өктем Алтаев.
Ақын Саят Әбенов Өктем Алтаевтың қазіргі әншілерге сүре жол салғаны туралы айтты.
«Өктем ағаның әні есімізде. Себебі бұл әннің ғұмыры ұзақтау болды. Сол заманда Өктем ағаның кезеңі — өктем болды, қазіргі заман — көктем болып тұр құдайға шүкір. Мені таңғалдыратыны, сол кезде шынымен де Өктем аға ерлік жасаған деп ойлаймын. Қазақ эстрадасына бір төңкеріс алып келді. Өйткені сол заманда біз есімізді енді жиып, «вечерлерге» барып жүргенде «Руки вверх» тобының әндерін тыңдап жүріп, осы ағамыздың «Жаным», «Не жаздым мен жаным саған» әндеріне вальс билейтінбіз. Сол кезде бұл кісінің әні болмаса, біз бәлкім тек орысша әндерді тыңдап өтер ме едік. Бұл кісі қазіргі әншілерге сүре жол салды деп ойлаймын», — дейді ақын Саят Әбенов.
Бағдарлама барысында 1990-жылдары ең көп табыс тапқан әншілердің рейтингі көрсетілді.
Қонақта болған Зарина Омарова болса өз әні «Жангүлімге» бейнебаян түсіргенін айтты. Бағдарлама барысында ескі әндерді жаңартып жазу жайлы да ұсыныстар болды.
«Жангүлімді» өңдеп шығарған себебім — әнді қазір жастар неге естімеске. Мектеп табылдырығында жүрген жастар орындаса деймін. Бұрынғыдай. Ол кезде әнге бейнебаян түсірілмепті. Заманауи бейнебаян түсірдім. Нәтижесі жаман емес, айтылып жүр», — дейді Зарина Омарова.
Айта кетейік, «Өз ойым» бағдарламасы 27 маусымнан жаңа санын бастады. Бағдарламаның ең басты жаңалығы ток-шоу дүйсенбі-жұма аралығында көрсетілетін болды. Түрлі әлеуметтік тақырыптарды қозғайтын бұл ток-шоу әлі талай қызықтарға толы.